ЖАСАНДЫ КЕДЕРГІЛЕР ОРНАТЫЛУДА

Өңірімізде киік санының өсуі мал баққан шаруаларды алаңдатуда. Негізінен ақбөкедер жыл сайын келіп төлдейтін Жәнібек ауданының Борсы, Талов, Жақсыбай ауылдары мен Казталов ауданына қарасты Қараоба ауылының тұрғындарынан арыз-шағым көп. Ауыл тұрғындарының назын ескерген Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бастама көтеріп, осы аумаққа жақын орналасқан «Бөкейорда» мемлекеттік резерваты мен «Ащыөзек» қаумалы территориясында киіктерді ұстап қалу үшін 40 шақырымға созылған жасанды үркіткіш кедергілер қоюға тапсырма берді. Аталмыш жұмыстарды «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының ұжымы жүзеге асырыруда.

Жұмыстардың басы-қасында жүрген «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты бақылау-тексеру басқармасының басшысы Бисебай Төлеповпен әңгімелестік.

— Ақбөкендердің табиғи миграциясы Жаңақала, Бөкей Орда, Жәнібек, Казталов ауданы аумақтары арқылы өтеді. Сәуір айының аяғы, мамырдың басы киіктердің төлдеу науқаны басталмақ. Төлдеуге жиналып жатқан жатқан дала малын резерват аумағында ұстау үшін жасанды үркіткіштер орнатып жатырмыз. Үріткіштер орнатылған сызық 40 шақырымға созылады. Алдағы уақытта осы жерде «Охотзоопром» Батыс өңірлік филиалымен бірлесе «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының инспекторлары кезекшілік жұмыстарын жүргізетін болады. Осы уақытта жергілікті жердің тұрғындарымен тығыз байланыс орнатып, олардың тарапынан түсіністік танытып, бізбен бірге жұмыстануға шақырамын!- деді басқарма басшысы.

Иә, расында ақбөкендердің табиғи миграциясы, төлдеуі кезінде жергілікті тұрғындар қолдауы қажет-ақ. Әсіресе, киіктердің төлдеу науқанында буаз малды қумай, құралайлады қорғауда ауыл тұрғындарының көмегі керегін айтты мамандар.

«Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының баспасөз қызметі