ЖАНУАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ БІРҚАЛЫПТЫ

«Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына кіретін «Үміт» қыстағына адасып келген бұғы тұқымдас жануардың жағдайын білу үшін ауданға Батыс Қазақстан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының нұсқауымен «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының аға ғылыми қызметкері, ветеринария ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан инновациялықтехнологиялық университетінің профессоры Ғайса Абсатиров арнайы келді.

Тереңкөл ауылдық округіне қарасты «Үміт» қыстағындағы жануарды көруге облыстан келген профессормен «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты бақылау басқармасы басшысының орынбасары Бисебай Төлепов, мемлекеттік инспекторлары бірге барып, дала жануарына бақылау жүргізді. Ғайса Ғарапұлы бұғы тұқымдас жануарға ветеринариялық бақылау жасап, дене қызуын өлшеді. Сонымен қатар ол жануардан қан сынамасын алып, тексерді. Облыстан келген ғалымның барлық жұмысын суретке түсіріп, өзін сөзге тарттық.

– Бұғы тұқымдас жануардың жағдайы бірқалыпты. Денесінде жарақат, басқа да ауру белгілері байқалмайды. Дене қызуы жоқ. Қан сынамасы бруцеллез, басқа да аурулар белгісіне оң нәтиже бермеді. Мұндай жануар менің жұмыс тәжірибемде бірінші рет кездесіп отыр. Негізі, бұғы тұқымдастарына жататын жануарды теңбіл бұғы (пятнистый олень) деп айтуға толық негіз бар. Бұғының бұл түрі біздің өңірді мекен етпейді. «Қызыл кітапқа» енген жануар. Көп ұзатпай жануарды өзіне ыңғайлы облыстағы арнаулы орындарға апару қажет. Дала жануары тасымалдауға жарамды, – дейді Ғайса Ғарапұлы.

Қайрат ЖАҚЫП