ЗАҢСЫЗ КИІК МҮЙІЗІН САҚТАҒАН

Былтырғы жылдан бастап Казталов, Жәнібек, Бөкей Орда, Жаңақала аудандары аумағында жаңадан ашылған «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының мемлекеттік инспекторлары резерват аумағындағы жануарлар әлемін қорғауда белсенді қызмет атқаруда. Соның бір айғағындай жыл басынан бері ақбөкендерді заңсыз атқан немесе мүйізін заңсыз сақтаған қаскөйлерді анықтауда инспекторлардың жұмысы нәтиже беруде.

Ағымдағы жылдың 10 наурыз күні Казталов ауданы аумағында «К» есімді азамат өзінің тұрғылықты мекен жайында заңсыз киік мүйіздерін сақтап отырғаны туралы жедел ақпарат түсіп, ақпаратты тексеру мақсатында Казталов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері және «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының мемлекеттік инспекторлары мен «Охотзоопром» Батыс өңірлік бөлімшесінің жануарлар дүниесін қорғау инспекторлары бірлескен іздестіру шараларын қолға алған. Нәтижесінде аталған мекен жайға тінту жұмыстарын жүргізу кезінде 1961 жылы туған «К» есімді азаматтың тұрғылықты үйінен оған тиесілі, заңсыз сақталған киік жануарының 48 дана мүйізі табылып, тәркіленді.

Қазіргі уақытта осы оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 339 бабы, 1-1 бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, СДТБТ-не 232748031000037 санымен тіркеліп, Казталов аудандық полиция бөлімінде тергеу амалдары жүргізілуде.

«Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының баспасөз қызметі