САНИТАРЛЫҚ АПТАЛЫҒЫ ӨТТІ

«Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында 31 наурыз бен 4 сәуір аралығында санитарлық апталығы ұйымдастырылып, табиғи сұрыпталу кезінде өлген ақбөкендердің өлекселерін жою жұмыстары жүргізілді.

Жалпы табиғи сұрыпталу туралы білу үшін төмендегі мәтінге көз жіберелік.

Киік табындары жүздеген, мыңдаған бастан тұрады. Киіктер күйекке түсер алдында қазан, қараша айларына қарай қоң жинап, жұмырланады. Бұл кезде текелердің кеңсірігі дөңестеніп, әукесі салбырап, сақалы төмен түседі. Ұрықтандыруға көп уақыт жұмсалмайды, әрбір теке бір-екі күннің ішінде 40-50 киікке дейін шабады. Ұрғашы киіктердің саны текелерден бірнеше есе басым болғандықтан, күйек кезінде кейбір шамасына қарамайтын, тәжірибесіз жас текелер әлсіреп, зорығып өледі немесе түлкі, қарсақ сияқты кішігірім жыртқыштарға жем болады. Сонымен қатар, қыста қоң жинамаған кәрі, ауру, әлсіз ақбөкендер де шығынға ұшырайды. Мұндай жағдай қолдағы бағып отырған үй жануарларында да кездесетіні анық. Осы кезеңде киіктердің өлуі — табиғи сұрыпталу процесіне жатады.

Бұл жұмыстарға Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Талғат Тұрсынов бас болып, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының аңтанушы-биолог мамандары, мемлекеттік инспекторлары, «Охотзоопром» Батыс өңірлік филиалының инспекторлары, жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері мен ветеринар мамандарымен бірлесе қатысты.

Санитарлық апталығы нәтижесінде «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына кіретін жерлерде табылған киік өлекселері жиналып, белгіленген орындарда толықтай өртеліп, жойылды. Аталмыш жұмыстарды жүргізу кезінде мамандар киік өлекселерінен қандайда болмасын дене жарақатын анықтан жоқ.

Санитарлық апталығы уақытында жергілікті елді мекендердің тұрғындарына түсінік жұмыстары жүргізіліп, олардың тарапынан далада өлген киік өлекселері көрген жағдайда өздігінен әрекет жасамай, тиісті қызметтерге хабар беру туралы ескертілді.