Еліміздің өңірлерде өрт қауіпті кезеңнен қауіпсіз өтуге бағытталған алдын алу іс-шаралары басталды. Осы орайда «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының орман өрт сөндіру станциясының ұжымы бірқатар қауіпсіздік іс-шараларын қолға алуда. Айта кетуіміз керек, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты қарамағына «Ащыөзек», «Жалтыркөл», «Кирсанов» табиғи қаумалдары кіреді. Орман өрт сөндіру станциясының негізгі мақсаты — өрт қауіпті кезеңінде орман, дала өртінің алдын алу, дер кезінде өрт сөндіру шараларын жүзеге асыру.
Облысымыздың экожүйесін сақтауда «Кирсанов» табиғи қаумалының атқаратын рөлі зор. Жалпы аумағы 61 мың гектар жерді қамтитын табиғи қаумал Бәйтерек, Теректі, Бөрлі аудандарының территориясында орналасқан. Табиғи нысанның өрт қауіпсіздігіне «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватымен қатар Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Январцев» және «Бөрлі» орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі құзырына кіреді.
10-11 сәуір күндері «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының орман өрт сөндіру станциясының басшысы Ғатау Сәрсембиев, «Кирсанов» табиғи қаумалының мемлекеттік инспекторы Жәрдем Рашев «Январцев», «Бөрлі» орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне арнайы барып, өрт қауіпсіздігіне қатысты мәселелер бойынша мамандармен сөйлесті.
«Январцев» орманының қауіпсіздік инжинері Нұрлан Беккуловпен болған кездесуде орман өрт сөндіру стнациясының басшысы Ғатау Сәкенұлы өрт қауіпті кезеңінде бірлесе жұмыс атқарып, орман өртінің алдын алу жұмыстарын талқылады.
Жұмыс сапарының екінші күні Ғатау Сәкенұлы бастаған топ «Бөрлі» орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде болып, мекеме директоры Төрехан Төлегеновпен кездесті. Кездесу барысында өрт қауіпсіздігіне қатысты ортақ жұмыстар айтылып, аталмыш орман шаруашылығындағы орман өрт сөндіру станциясының жеке құрамының жұмысы таныстырылды.