ҚОС МЕРЕКЕ АТАП ӨТІЛДІ

4 маусым — Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні болса, 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Қос мерекенің еліміз үшін маңызы зор.

Мемлекеттік рәміздер – елдің ұлттық болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын белгі. Олар – халықтың рухын, бірлігін, өткені мен болашағына деген сенімін бейнелейтін қасиетті символдар.

Адам мен табиғат – егіз ұғым. Бірінің тағдыры біріне тәуелді. Табиғаттың тынысы тарылса, адамзаттың да ертеңі бұлдыр болмақ. Сондықтан Қоршаған ортаны қорғау күні – құрғақ мәлімдемелер мен бір реттік акциялардың күні емес, бұл – әркім өзінен бастап жасайтын жауапкершілік күні.

Аталмыш мереке күні «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының ұжымы сапқа тұрып, ерекше атап өтті. Ұжымды мерекемен резерват директорының орынбасары Аслан Сәрсембиев құттықтады.

Ең алдымен, жерлестерімізді, табиғат жанашырлары мен экобелсенділерді және қоршаған ортаны қорғауға атсалысып жүрген барша азаматтарды қос мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Осы орайда қоршаған орта саласында атқарылып жатқан аймақтағы біршама жұмыстарға тоқталғым келеді. Біздің ұжым да қоршаған ортаны қорғауда белсенді қызметтер атқарып келеді. Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асып, біраз жұмыстар атқарылды. «Таза Қазақстан» ауциясының мақсаты да сол – тек айналаны емес, сананы тазарту, экологиялық мәдениетті қоғамның күнделікті дағдысына айналдыру,-деді Аслан Абайұлы.

Шарада табиғат жанашыры болып жүрген бір топ азаматтарға резерват ұжымы атынан алғыс білдіріліп, алғыс хаттар табысталды.

Шара соңында резерват ұжымы Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимнін шырқап, мерекені айшықтай түсті.