Бүгін Батыс Қазақстан облысына Қазақстан Республикасы Экология және Табиғи ресурстар Министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Ғалымұлы Тұрғамбаев жұмыссапарымен келді.
Комитет төрағасы Данияр Тұрғамбаевты және бірге келген орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы орынбасарлары Андрей Ким мен Ерлан Құтпанбаевты, «Охотзоопром» өңірлік бірлестігінің директоры Роллан Тлевлесовты Батыс Қазақстан орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов, «Охотзоопром» Батыс өңірлік филиалының директоры Арман Қожахметов, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты директорының міндетін уақытша атқарушы Ержігіт Ишмухамбетов қарсылап алып, Тасқала, Казталов аудандарына бастап барды.
Комитет төрағасының облысымызға арнайы келуінің негізгі мақсаты — Батыс Қазақстан облысындағы киік миграциясы өтетін жергілікті жердің атқарушы билік өкілдерімен кездесіп, сол аумақтардағы егістіктер мен шабындықтарды қорғауға қатысты дайындық жұмыстарымен танысу. Қазіргі күннің өзінде егін мен екпелі шөп егетін Ақжайық, Тасқала, Казталов, Жәнібек, Бөкей Орда ауданындағы қожалықтарының егістік жерлеріне «Охотзоопром» Батыс өңірлік филиалы мен «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының мемлекеттік инспекторлары күзет жұмыстарын ұйымдастыруда.
Сонымен қатар Данияр Ғалымұлы Батыс Қазақстан облысында құрылған «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының жұмысымен танысып, мекеменің техникалық базасын көрді.