Өрт – адамзаттың қас жауы. Әсіресе, дала өрті – табиғатқа және мемлекетке орны толмас шығын әкеледі. Осы орайда «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты территорриясына кіретін Казталов ауданы көлемінде далалық жерде ықтимал өрт пайда болған кезде, ерікті өрт сөндіру жасақтарының және мекеме, ұйымдардың дайындығын тексеру жоспарланған болатын. Осы орайда 17 сәуір күні Казталов ауылы аумағында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының орман өрт сөндіру станциясының аудандағы азаматтық қорғау құрылымдарымен бірлескен оқу-жаттығуы өтті.
«Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты орман өрт сөндіру станциясы және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастырумен өткен оқу-жаттығуға «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты орман өрт сөндіру станциясының жеке құрамы, №11 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы және азаматтық қорғаныс құрылымдарының қызметкерлері, арнайы техникалары, өрт сөндіру құралдары жұмылдырылды.
Оқу-жаттығудың тактикалық жоспары бойынша арнайы дайындалған жерге өрт қойылды. «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында өрт оқиғасы тіркелгендігі жөнінде резерваттың орман өрт сөндіру станциясына хабар жетті. Өрт сөндіру станциясының жеке құрамы дабыл бойынша көтеріліп, Казталов ауданы орталығындағы №11 Өрт сөндіру бөліміне өрт туралы хабар берді.
Оқиға орнын полиция қызметкерлері қоршауға алып, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты орман өрт сөндіру станциясының жеке құрамы мен №11 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы, Казталов ауылдық округ әкімдіктері жанынан ерікті өрт сөндіру жасақтары арнайы өрт сөндіру құралдармен келіп, дала өртін сөндіруге қатысты. Бірінші кезекте өрт орын алған аумақты орман өрт сөндіру станциясының тракторымен жыртып шықты. Кейін өрт сөндіру құрылымдарының техникасы мен мамандары қызыл жалынды сөндіруге бірден кірісіп кетті. Ерікті өрт сөндіру жасағының бір мүшесі ыстық оттан күйік алып, жедел-жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Тілсіз жау бағыт алған алаңды арнайы өрт сөндіру мамандары өртті дер кезінде ауыздықтады. Көзді ашып-жұмғанша сақадай сай техника апаттың алдын алды. Барлығы шынайы түрде болды.