«Қанатты достар» акциясы

Бүгін «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының қатысуымен Орал қаласындағы «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризм және экология орталығында Дүниежүзілік құстар күніне арналған «Қанатты достар» акциясы оздырылды.

Аталмыш акцияға «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризм және экология орталығында қосымша білім алатын оқушылар мен олардың жетекшілері қатысты. Акция барысында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының аңтанушысы Болат Айдынғалиев, экологиялық ағарту маманы Жұмазия Нысанғалиева, аға ғылыми қызметкер Айкөркем Қайранова, табиғи кешендерді қорғау жөніндегі бас маманы Алуа Хайырғалиева резерват аумағында мекен ететін құстар туралы мәлімет беріп, арнайы бейнеролик көрсетті.

Құстар – табиғаттың керемет тіршілік иелері. Олардың әуені табиғатты құлпыртып, адамның көңіл-күйін көтереді. Сонымен қатар, құстар ауыл шаруашылығына да пайдасын тигізеді. Сондықтан да адамдар оларды қорғауы керек.

Акцияға қатысқан оқушылар үйірме жетекшілерімен бірге жыл құстарына арналған ұялар жасап, ағаштарға орналастырды. Оқушылар ұя жасап қана қоймай, қанатты достар тіршіліктің бір бөлігі, табиғат жаратылысы, оларға қамқорлық жасау керектігін түсінді.

«Қанатты достар» акциясын қолдап, табиғат аясында құстарға қорған болған оқушылар мен олардың жетекшілеріне «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты мен «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризм және экология орталығы атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.