Киік — даланың символы: төлдеу кезеңі мен көбею ерекшеліктері

Киік (Saiga tatarica) – қазақ даласының символына айналған ерекше жануарлардың бірі.

Қазіргі уақытта киіктер төлдеу маусымына дайындалып, ірі табындарға бірігуде. Бұл кезең олардың тіршілігіндегі аса маңызды уақыттардың бірі.

Буаздық мерзімі – шамамен 5 ай. Еркек киіктер 1,5 жаста толық жетіліп, күйікке түседі. Ұрғашылары 6 айдан бастап жыныстық жетілу белгілерін көрсете бастайды. Төлдеу кезеңі көбіне сәуір айының соңғы күндері және мамыр айына келеді. Көбіне егізден төлдейді. Лақтарын түрегеп тұрып туады.

Құралайдың енесі басқа жануарлар сияқты лағының шаранасын жалап аршымайды, шарана жауынның суымен шайылып кетеді немесе жел қағып, кеуіп барып түседі.

Жаңа туған лақтар жарты сағаттан кейін енесін еміп, екі-үш сағаттан соң аяқтанып кетеді, ал туғанына екі күн болған құралайды машинамен қуып жете алмайсыз. Бұл кезеңде киіктерге тыныштық қажет.

Адам факторынан болатын мазасыздық олардың төлдеуіне кері әсер етуі мүмкін.